Читать онлайн Ма?алалар жина?ы бесплатно

Ма?алалар жина?ы

© Мұхтар Бақытұлы, 2023

ISBN 978-5-0051-0455-7

Создано в интеллектуальной издательской системе Ridero

Құлмұхаммед ишан

1916 жылы басталған ұлт—азаттық қозғалысының 100-жылдығына арналады.

Рис.0 Ұлытаудың номадикалық тарихы. Мақалалар жинағы

Ислам дінінің қазақ еліне тарау процессі VII ғасырда басталып, бүгінгі күні әлі жалғасып жатыр. Ұлы даламыздың оңтүстік қалалық аймақтарына исламды араб халифтары түркі хағандарымен күресе отырып таратты. Нәтижесінде Х ғасырда Қарахан мемлекеті исламды мемлекеттік дін деп жариялады. Қалған көшпелі аймықтарымызда тіршілік еткен оғыздар, оларды батысқа ығыстырған қимақтар, қимақтардың мұрагерлері қыпшақтар түркі заманынан келе жатқан тәңірлік дінін ұстаным етті. Шыңғысханның жорықтарынан кейін қазақ жерінде Жошы үлесі орныққанда да ислам, христиан, будда миссионерлерінің өз діндерін тарату әрекеттері жүзеге аспай, Алаш елінің билігі ата-бабаларынан қалған Тәңірге сенімін басқа діңге қимады. Тек Жошы үлесінің ханы Беркенің кезінде Мысыр сұлтаны Бейбарыс екеуінің арасында саяси, сауда, дін және мәдени қарыма-қатынас орнап, Алтын Ордаға ене бастаған ислам діні кейін Өзбек хан тұсында мемлекеттік дінге айналды. Бірақ, қара халық тәңірлік дінін әдеттегідей ұстаным ете берді.

Орыс патшайымы Екатерина ІІ империяның қазақ жерінде билік жүргізу жоспарына сәйкес, жергілікті халықтың жауынгершілігін басу үшін, елді имандылық арқылы сабырлы, момынды қоғамға айналдыру мақсатында ислам дініне қолдау көрсетті. Сонымен қатар, орыстар мұсылман дін басшыларын татар халқының өкілдерінен сайлап, қазақтарды Орта Азия дін басшылығынан айыруды көздеді.

1865 жылы орыс патшалығы Ташкент қаласын жаулап алысымен қазақ жерінде ашық отарлау саясатын жүргізе бастады. Батыс, солтүстік, Жетісу аймақтарында құнарлы жерлерден жергілікті қазақ руларын шалғайдағы шөлді далаға ығыстырып, қалалар салып, Оралдың ары жағынан орыс шаруаларын көшіріп, православ христиан дінін тарата бастады. Тіпті қазақ медреселерін салуға рұқсат алу үшін міндетті түрде орыс тілін оқыту керек болды. Осы кезеңде дала аймақтарында тығыз шоғырланған қазақтан шыққан дін қайраткерлері қазақ елінің сана-сезімін орыс ықпалынан аман алып қалу үшін көптеген медресе, мешіт салуға ат салысты. Солардың бірі, бүгін біз қозғап отырған тақырыптың кейіпкері Арыстанбайұлы Құлмұхаммед ишан.

Құлмұхаммед ишан қыпшақтың Бердікей тармағынан тарайды. 1841 жылы Ұлы жыланшық өзенінің алабына кіретін Дулығалы өзенінің бойында Терісбұтақ деген жерде дүниеге келген. Бала кезінде хат танып, араб алфавитін қолдануды өз әкесі Арыстанбайдан үйренген. Есейген сайын баланың бойында дін қызметін атқаруға талпыныс күшейді. Сол қызметтің оңды-солды аспектілерін игеру мақсатында 11 жасты жасөспірім өңірде сауда-саттық жасап жүрген саудагерлер керуенінің біріне қазаншы болып жалданып, оңтүстікке аттанады. Әкесі Арыстанбай баласының талабына ақ батасын беріп шығарып салады. Сөйтіп, Құлмұхаммед ел аузындағы деректерде Бұхара мен араб елдерінің тәуір медреселерінен дәріс алып, ишан дәрежесін алумен қатар, медицинаны, қол өнерін, құрылыс салу машығын да үйреніп, елге оралады.

Ең алдымен ишан балалар мен жергілікті елдің сауатын арттыру мақсатында ХІХ ғасырдың 60 жылдары Дулығалы өзенінің бойында медресе салады. Жалпы ауданы 350 м2 құрайтын ғимарат 24 бөлмеден тұрған. Кіреберіс есігі оңтүстік-шығысқа қараған. Онда дін сабақтармен қатар жағрафия, есеп негіздері оқытылып, араб тілі үйретілді. Қ. Арыстанбайұлы медреседе мұсылманша білім берумен қатар, сол кездің саясатының талабына орай орысша оқытуға да мән беруге мәжбүр болды. Ол үшін татар жігіті Ғалиулланы арнайы шақыртып, үлкендердің наразылығына қарамастан ауыл балаларының арифметиканы, жағрафияны, орыс тілін үйренуіне мүмкіндік жасаған. Медреседе ошақты Оразбай, көкмұрын Жапарқұл Қоңыратбайұлы, бердікей Жақсылық Батырбайұлы секілді молдадалар дәріс берген. Дулығалы, Ащылы төңірегін жайлаған елдің балалары Құлмұхаммед ишан негізін қалаған медреседе 4 сыныптық білім алып, қазақша, орысша және құран тілін үйреніп, кейіннен көпшілігі ел басқару ісіне араласты. Мұнда діни кітаптармен қатар, әдеби кітаптар, орыс тіліндегі оқулықтар да болған. Медресені оқып шыққан қазақ жастары Ұлытау өңірі елін сауаттандыру ісіне біршама үлес қосты. Бұл медреседе тәлім алғандардың қатарында 1916 жылы Торғай көтерілісінің сардарбегі Амангелді Үдербайұлы да бар. Бүгінгі күні медресенiң орнында үйiндiсi ғана қалған.

Медреседен кейін Құлмұхаммед ишан мешіт салуға кірісті. Алғашында мешіт Ақсуаттың жар қабағына табаннан шым ойылып, күмбезсіз салынған. Ол сапасыз болған соң күйдірілген кірпіштен қазір тұрған орнына қайта салынған. Дулығалы мешіті («Терiсбұтақ мешiтi», «Бердiкей мешiтi», «Құлмұхаммет ишан мешiтi») 1902 жылы салынып біткен. Бұл ғимарат ишан ұйымдастырған діни орталықтың ең көрнекті сәулет туындысы еді. Мешіт тоғыз күмбезді, сыртқы қабырғасы үлкен қызыл кірпіштен, ал ішкі қабырғасы шикі кірпіштен, төбесі тіреусіз, бүріп өріліп тұрғызылған. Жалпы ауданы 360 м2. Ұзындығы 23,4 м., ені 15,4 м. Кіреберіс есігі Меккеге, яғни оңтүстік-батысқа қарайды. Азан шақыратын мұнарасының биіктігі 7 м., диаметрі 2,6 м. Мұнара таңғы азаңға қарап ғимараттың солтүстік-шығысында орналасқан. Ғимарат қабырғасының биіктігі 3,5 м. Іргетасының биіктігі 0,9 м.

Терезелері жерден 1 м. биіктікте орналасқан. Тоғыз күмбездің бірі есік мандайшасында, бірі мұнараның төбесінде, алтауы үш-үштен ғимараттың екі қанатында және бір үлкен күмбез төбесінің қақ ортасынан салынған. Құлмұхаммед ишан мешіттің жобасын, кесектерді дайындауды, құйылуын Түркістанға барып үйреніп келіп, қалыптарын өзі жасаған. Қызыл күйдірілген кесектерде оннан аса ою түрі, аяттар болған. Ортадағы үлкен күмбез астында жалғыз тіреу болған. Ғимарат Бұқара архитектура үлгісімен салынған. Намаз оқып, дәрет алатын, жайнамаз, киім ілетін және кітапхана бөлмелері болған. Онда арбша, парсыша, шағатайша, орысша кітаптар қойылған.

Дулығалы мешіті мен медресе құрылысына құйдірген кірпіштерінің өлшемдері де, ою-өрнектері де әртүрлі. Ғимараттардың терезелеріне әйнек жергілікті гипс қабаттарынан тілініп алынған. Құрылысқа сол төңіректегі Есенғұл, Таңат, Қаз, Бегімбет аталардың бас көтерер ер азаматтары бір кісідей қатысып үлкен көмек берген.

1916 ж. 25 маусымында шыққан Николай ІІ-ің жарлығына қарсы көтерілісшілер осы мешітте жиналып, құрбандық шалып, ақсақалдар Аманкелді батыр бастаған сарбаздарға бата берген. Көтерiлiс басталарда, шешушi шайқастарда сарбаздар намаз оқып, Құран ұстап, салауат айтып, алған жолдан қайтпауға ант берген. Сол жиында құрбандыққа шалынған көк қошқардың және Торғайдағы жеңістің құрметіне шалынған қошқардың бас сүйектері Құлмұхаммед кесенесінде бүгінге дейін сақтаулы тұр.

Мешіт пен медресе жұмысы 1929 ж. ишандар әулетін қудалау кезінде тоқтаған. Ишандар елден қашып, Қызылордаға тақаған жерде алдынан қызыл әскері шығып малын алып, адамдарын қырғынға ұшыратқан. 1934 ж. белсенділер мешітті бұзып, кітапханадағы кітаптерді өзенге лақтырған. Белсенділердің біреуі төбеден құлап, бірі жерде мертігіп өлді. Мешiттен мүжiлген мұнара, жарты күмбезі мен қабырғалары ғана қалды. Дулығалы мешiтi – мемлекеттiк маңызы бар ескерткiш.

Ишанның ізбасарларының бірі діни ағартушы, ишан Қази Бірмағанбетұлы. Ол кісі 1901 жылы туып үлкен атасы салдырған «Дулығалы» медресесінде дәріс алған. Әкесі Бірмағанбет те діни білімі бар ишан болған. Қази ишанның көріпкелдігі, емшілігі болған. Зембілмен әкелген сал адамдарды аяғымен жүргізіліп қайтарған.

Құлмұхаммед ишанның діни қызметі патша үкіметінің христиан дінін таратумен қатар ислам дінін әлсірету саясаты кезінде орын алды. Мұсылман қоғамы христиан дінін кеңінен мойындату жолындағы басты кедергі болды. Қазақтар араб елдерінде және Түркияда оқу құқығынан айырылды. Молдалар патша әкімшілігінің қатаң бақылауына алынды. Әр болыста бір ғана молда қызмет етуге рұқсат берілді. Молдаларды әскери губернатор ғана тағайындап, жұмыстан босататын болды. Мешіт салуға генерал- губернатордың рұқсатын алу үшін, медреседе орыс тілінде оқыту шарты қойылды. Молдалардың жергілікті тұрғындардың сауатын ашып, оқытуы және оның мешіт жанында жұмысқа жайғасуы үшін уезд бастығының рұқсаты керек еді. Мешіттер мен олардың жанындағы медреселерді қазақ қоғамдарының өз есебінен ұстау керек деп шешілді. Мешіттер жылжымайтын мүлкіне ие болу мүмкіндігінен айырылды.

Осыған қарамастан, Арыстанбайұлы Құлмұхаммед ишан аймақтағы қазақтардың сауатты болуына бар жігерін салып, халықтың рухани байлығын жоғарлатуына, идеялық жағынан бірігуіне, ынтымақтасуына зор жағдай жасады. Ишанның қызметі жергілікті халқты мұсылмандық мәдениетіне жақындастырып, ғылым мен әдебиеттің дамуына да әсер етті. Уағыздар арқылы елді жақсы істерге, ой тазалығына, қарапайымдылыққа, шыдамдылыққа шақырғаны ел есінде мәңгілік сақталуда.

  • Мұхтар Сейтжанов
  • 15.08.2016 ж.

Қазақтың басына төңген ұлы апаттың себептері

Большевиктердің Қазақ, Украина, бұрыңғы Ресей империясының тағы да басқа аймақтарында өз билігін тек аштықпен ғана орната алатынына көзі жетті. «Біз ескі әлемді жойып, жаңа әлем орнатамыз!» деген ұран басымды болды. Кеңес үкіметі қалай келгені, азаматтық соғыс немен біткені, «әскери коммунизм» саясаты қандай шығындарға алып келгені туралы тақырыптарды бөлек мақалаларда тарқату қажет болғандықтан, біз бірден Голощекиннің «Кіші Октябрь» саясатына назар аударғанымызды жөн көрдік.

«Советтік» қоғамды көшпенді-патриархалды жұрттан құрастыру тек дәстүрлі өмір-салтты апатқа ұшыратып қана құру мүмкін еді. Мыңдаған жылдар бойы дамыған номадтық шаруашылық даланың мінез-ғұрпына сай қалыптасқан. Оның үстінен ортағасырлық көшпенді империялардың Евразия кеңістігінде орнатқан саяси үстемдігі тарихи санадан ұмытылмай, қазақтар еркіндікті бойына сіңірген, ешқашанда билік тарапынан орнатылған қорлап-қанау тәсілдерімен жүргізілген үстемділіктке мойынсынбаған халық еді. Қанның саясаты елдің мүддесіне қайшы келетін болса, бұқара ел оның қарамағынан көшіп кетіп, өз саяси наразылығын білдірген. Ондай жағдайда сондай қаннан ең сорақы елбасы болмаған.

Кеңес билігі ондай ел мен биліктің арасындағы қарама-қатынас туралы өте жақсы біліп отырды. Оның үстіне ұжымдастыруды ұйымдастырғандардың қолбасшысы ұлттық сұрақтар бойынша комиссары Иосиф Сталин болды. Сондықтан, қолдан ұйымдастырған аштықты большевиктер көшпенді қазақты бодан қылудағы және жаңа «кеңестік» қоғам құрудағы басты құрал ретінде қарастырды. Тек аштық пен геноцид қазақтардың азаттық жолындағы қарсыластығын жасытады деп санады олар. Солай болды да!

Экономикалық тұрғыдан қазақ даласында атқа мінген қазақты отырықшылыққа бейімдеп, пайдалы қазбаға бай жерде өнеркәсіпті дамытып, шикізатты мүмкіндігінше мол көлемде Кеңес үкіметінің орталық аймақтарының мүддесіне жарату көзделді. Ауыр өндіріс тек орыстандыру арқылы жүретін болды. Ресей патшалығы заманындай талмаштарға арқа сүйеп, жергілікті халықтың жағдайын ескеретіндей жоспар мүлдем ескерілген жоқ. Сондықтан, өнеркәсіпке келіп, тұрақты және жоғары жалақы алғысы келетін қазаққа, жұмысшы тапқа еңу үшін ең бірінші орыс тілін жетік білу шарт қойылды.

Отырықшылыққа келетін болсақ, бұл шаруа түрі қазақ даласына жат күнкөріс түрі емес. Бағзы заманнан, шөл дала болса да, өзендердің жағасында жер өңдеу ошақтары тірлік еткен, ал оңтүстік аймақтарда жер суландыру арқылы егін егу өркениетті ел Ұлы Жібек жолының басты орталығы болғаны мәлім.

Мал шаруашылық аймақтарда отырықшылыққа бет бұру үрдісі ХІХ ғасырда басталған. Батыс, Теріскей және Жетісу Орал, Орынбор және Сыбыр казактарының қол астына өткелі, ол аймақтардан ығыстырылған тайпалар мен рулардың жер-жайылымдарға деген сұранысы туындады. Оның үстінен, болыстар мен аға сұлтандар отырықшылықты дамытпаса, орыстар құнарлы жерлерді теріп, қазақты жерсіз қалдыратынын ескерді. Кезінде бос жатқан құнарлы жерлерге егін егу сол кездерде кең қолданыла бастады. Бірақ, кеңес үкіметі жоспарлаған тегіс көшпенді елді отырықтандыру ешкімнің ойына да келген емес.

Бастапқы кезде, яғни 1920—1928 жылдары, большевиктер даладағы ауқатты байлардан тәуелді болды. Жаңа билік өкілдерінің жүріп-тұруына едәуір қаржыны жұмсап, ат-көлікпен көмектескен байларға неше түрлі ақы төлеп, ең бастысы, болашақта орын алатын қуғын-сүргіннен аман алып қалатыны ескеріліп отырған.

Жаңа билік патриархалды қоғамның ішінде жас, дүние-мүлкімен шектетіліп, шаруада көп күш жұмсайтын жас буынға арқа сүйеді. Оларға большевиктер әр-түрлі ұран мен уәделер ұсынып, төтенше түрде көптеген үміттермен азғырды. Сол екі қозғалыс уәделердің қайсы жастардың жүрегін мұздатты: Лениннің тезистері ме, әлде материалды қызықтырулар ма? Оған жауап беру үшін бізге сол белсенділердің өздерінен сұрау қажет еді. Бірақ, өкінішке орай, олар арамыздан кеткені қашан. Тіпті, 1937 -1938 жылдары олардың көптен бөлігі Голощекин көсемдерімен бірге ату жазасына кесілген. Сондықтан, бұл сұраққа жауабын біз таба алмаспыз.

Ұлы апаттың идеологиялық себептерін қарастырар болсақ, ауылда марксистік ұғымдағы тап аралық күрес болған жоқ. Тек экономикалық және саяси өмірде үстемдік етіп отырған рулардың коммунистік партиядағы өкілдері арасындағы бәсекелестік болды.

Демек, жоғарыда аталған әрекеттер өз нәтижесін берді. Кеңес үкіметінің сұмдық жоспарын жүзеге асыруға жаңа топ құралды. Оларды халық «шолақ белсенді» деп атады, өйткені ол жастар өздерінің туған-туысқандарының мүддесін большевиктердің бұйрықтарының астына салып беріп, сол бұйрықтарды орындауға белсенді түрде кірісті.

Кеңес билігі беріп тұрған мүмкіндік «жарқын болашаққа» жол ашып беріп отырса, патриархалды қоғамда ол жастарда ондай мүмкіндік мүлдем жоқ еді. Бай немесе би секілді қазақ қоғамының дәулеттілерінің деңгейіне жету үшін көптеген кедергілерге тап болған жастар, жаңа биліктің беріп отырған мүмкіндіктерін ойланбастан қабылдады. Жастардың бәрі емес, әрине. Сондықтан олар төзімділік пен шүкіршілікті ағайындарға қарсы іс-әрекеттері сынды күнәға айырбастады.

Ондай люмпендерден құралған белсенділер топтары әр бай мен ауқатты да беделді ақсақалға өзінің олжалап алған жаңа күшін ашық түрде көрсетуге асықты. Олар үлкенді сыйлау түгілі, үйлеріне баса көктеп кіріп, мал-мүлкін рахаттана тәркілеуге кірісті.

Белсенділер большевиктердің мәнер-қылықтарына еліктеп, зорлық-зомбылықты қолданып отырды. Неміс тарихшысы Роберт Киндлер өзінің «Сталинские кочевники: власть и голод в Казахстане» атты кітабында жазғандай, «олар арақ ішіп, темекі тартып, ел-жұрттың алдында балағат сөздер айтып, өз құрбандарын аямай азаптап қорлады».

Оған қоса, белсенділер қазақи тәрбиені мойындамай, тарихи материалды және рухани құндылықтарға қол салды. Кесенелердің күмбездерін қиратып, мешіттерді бұзып, Құран-кітаптарды жағып, өзенге тастағандар да осы белсенділер еді. Құдайға қарсы шығып, Ібілістің құлы Ленинді өздерінің көсемі қылып алған жастар ештеңеден тайынбай, халықты қырғынға ұшыратты.

Кеңестер өз билігін ірі қалалар мен ағылшындардан тартып алған өндіріс ошақтарында 1920-жылдары толығымен орнатып, әртүрлі рулардың өкілдерін өз құрамына кіргізіп үлгерді. Оған рубасылар қолдау көрсетіп, болашақта большевиктердің құрығына түсетінін сезіп те жүрген жоқ еді.

Оның үстінен 1920 жылы Ахмет Байтұрсынов пен Әлімхан Ермеков бастаған алаштықтар Ленинге барып, Кеңестік автономиясын құрып, шекарасын белгілеуге келісім алып келді. Бірақ, кейінгі тарихи оқиғалар ол мемлекеттіліктің жемісін қазақ таяу арада көрмейтінін көрсетті.

Байлардың беделі 1928 жылға дейін өз үстемділігін жоғалтқан жоқ. Жұрттар епсіз кеңестік сот жүйесіне қарағанда, баяғы билер мен қазылардың шешімдеріне көбірек сүйеніп отырды. Тіпті жергілікті коммунистердің өзі байдың кеңесі мен шешіміне тәуелді болды. Жергілікті басшылық лауазымдарға байлар өзінің руының өкілдерін отырғызып, айтқанын істетіп отырды. Қызметтік іссапарларға арналған ат-көлік пен қаражатты бай беретін болғандықтан, кеңестік билік өкілдері байдың айтқанымен жүрді.

Әрине, ондай жағдай Сталин басқарған жүйені қанағаттандырмайтыны белгілі болды. 1925 жылы Қазақ даласына келген Филлип Исаевич (Цая Ицкович) Голощекин: «Қазақстанда революция орын алмапты. Сондықтан біз бұл жерде „Кіші Октябрьді“ орнатуымыз қажет» – деп ұрандатты. Оны, қол шапалақтап, белсенділер мен коммунистер қуана қолдады.

Большевиктерге керегі сол еді. Ағайын арасына сайтан отын жағып, қазақты аттан жерге түсіріп, аштықпен қырып әлсіретіп, «советтік» идеология арқылы өз билігін орнату мақсатында жаңа билік өз нәтижесіне жетті.

Екі саяси көзқарасқа бөлінген қоғам бір-біріне деген жақтырмаушылықты жасырған жоқ. Бастапқы кезде белсенділер ауылдық басшылықты мойынсынбаған кезде, оларды елемей, соңында ауылдан қуып жіберген де оқиғалар орын алды. Ондайларды халық бозғын деп атап кетті.

Бозғындардан құралған, рулар арасындағы қақтығыстар алаңына айналған коммунистік партия комитеттері мен оның ошақтарының өкілдері ертен-ақ ел мүддесін сатып, сталиндік тоталитарлы режимінің қол-шоқпары болатынын ол кезде ешкім де түсінде де көрген жоқ еді. Бозғындар ел-жұрттың қағидаларын сатып кеткендердің санатына кірді. Сонымен қатар олардың өмірлеріне қауіп төніп, дала өмірінде ешкімге керек болмай қалған да кездер болды.

Ал Голощекин келгенде, сол белсенділерді кеңес билігі ауыл «советизациясының» басты қол шоқпары ретінде пайдаланды. Сол кезде олар өздерінің «олжаларын» қолдан жібермей, байлар мен ауыл басылардан қаныққанша өшін алды. Өйткені большевиктердің артында пулеметпен қаруланған Қызыл әскер тұрды.

Коммунистердің басты мақсаты көшпенділердің билікке қарсы әрекеттерін әлсірету үшін отырықшылыққа көшіріп, әскери қимылға әзір атты номадтарды жерге бейімдеп, орыс шаруалары сияқты жайяу қалдыру болды. Сол мақсатқа жету үшін ұжымдастыру арқылы қазақты үлкен апатқа әкелу саясаты басталды.

Большевиктер өздерін тез даму жолын ашар және модернизацияның алып келуші күш ретінде санап, көшпенділерді «дамымай қалған» мәдениетіне жатқызды. Ия, 1934 жылғы жағдайды алатын болсақ, аштықтан кейін қазақтың жағдайы шынымен де сондай денгейде болды.

Бірақ, кеңес билігінің модернизациясының орнына Николай ІІ-нің кезінде қазақ жерінде салынған заводтарды жөндеп жүргізуден басқасына әлі жетпеді. Өндірістік құрылысының басты бағыты тек қазба байлықтарды жер астынан қазып алумен ғана шектелді.

Кеңестік қоғам құру үшін коммунистердің басты мақсаттарының бірі жұмысшы тапты қалыптастыру болды. Кейін жаңа өнеркәсіптер мен инфрақұрылымдарды дамыту үшін Турк-Сиб секілді бұқаралық құрылыс нысандары ұйымдастырылды, Қарсақбай заводы іске қосылды.

Бірақ сол құрылыстарда көбіне европалықтарға басындық жағдай жасалып, қазақтар тек қара жұмыстарда істеді. Бұндай саясат екі жақтың арасында келіспеушіліктерге итермеледі. Бұл бөлек тақырып автордың «Британец Қарсақбай» атты еңбегінде толық жазылғандықтан, біз оқырманды сол кітапқа жүгінуге кеңес береміз.

Сонымен, 1928 жылдың тамыз айынан бастап ауыр өнеркәсіпті дамыту үшін іздеген қаржыны ауыл шаруашылығынан алуды шешіп, большевиктер келесі саяси қылмыстарын орындауға кірісті. Қазақтың малын тәркілеп, 45 миллион малдан елге 1933 жылы тек 4,5 млн бас мал қалдырды. Нәтижесінде, кем дегенде 2,5 млн қазақ аштықтан қырылды. Ондай жағдай Украинада да (4 млн адам), Еділ бойында да (1 млн адам) орын алды.

Соңғы 30 жылда шыққан қазақ руларының шежірелеріне қарап отырсақ, шежіре кестестелерінде белгіленген, сол жылдары өмір сүрген кісілердің көбісінің артында ұрпақ қалмағанын байқаймыз. Ресми ақпарат бойынша қазақ халқының тең жартысы аштықтан қайтыс болды десе, шежірелер одан да көп пайыз адам шығынын көрсетіп тұр.

1928 жылдан бастап ГПУ баскесерлері дін өкілдеріне, бай шаруаларға, төрелер мен патша үкіметі заманының зиялыларына қарсы қуғын-сүргін, мүлікті тартып алу, тонау саясатын бастады. Халықты тапқа бөліп, арасында алауыздық отын жағып, туған бауырларын қырғынға кескен шолақ белсенділердің күшімен қазақ даласына «ұлы жұт» келді.

Ол кездегі бай, қазақ даласындағы ең басты экономикалық қозғалтқыш десек қателеспеспіз. Атқа мінген халықты бағындыру үшін сол байдың көзін құрту жаңа биліктің басты мақсаты болды. 1927 жылы барлық шаруалардың 0,9% байдың қолында болып, олар 10% малға иелік етті.

Малды тәркілеу кезінде коммунистер белсенділерді әлсіз және саны жағынан аз рулық қауымынан іріктеп алып, басқа бай және ірі руға қарсы салып қойып отырды. Белсенділер өз руына салынған салықтың жүгін сол қарсылас руға артып қойып, салықты да, тәркілеуді де аса сілтеушілікпен орындап отырды.

Ишандар мен имамдарды атып, елден қуып, олардың ұрпақтарына қарсы құғын-сүргін ұйымдастырылды. Құдайды ұмыттырған, тарихын өшірген, сананы лайлаған кеңестік идеология кісеніне түскен халқымыз тілінен, салт-дәстүрінен айырыла жаздады.

Бірақ, шығын мен қиыншылық көріп аман қалған ел жаңа өндірістік-қалалық даму жолына түсті. Дегенмен, завод пен шахталарға барып жұмыс істеуге қазақтың көбісіне жол жабық болды. Басты кедергілер – орыс тілін білмеу және тиісті мамандықтың жоқтығы. Ауылда ұжымшар, кейін кеңшарлар ұйымдастырылып, қиын кезеңге қарамастан жұрттар етекшелерін жинап, есін жиді.

1934 жылы жергілікті билік өкілдері елде аштықтан өліп жатқандардың саны азайғанын жазып, орталыққа сондай «жетістіктері» туралы баяндап отырды. Ондай жағдай орныққанның басты себебін «нан жеушілердің» саны күрт төмендегенімен ғана түсіндіруге болады. Өйткені, ол уақытта аштықтан өлетіндердің бәрі қырылып біткен!

Мұхтар Бақытұлы

15.08.2020 жыл

Құлан ана

Қазақ тарихының ақтаңдақ парақтарына мәлімет қосу мақсатында соңғы отыз жыл шамасында көптеген дереккөздердің, тарихи тұлғалардың, оқиғалардың қайтадан жандануын байқауға болады. Кеңес идеологиясы қаншама тарихи сана сезімімізді өшіруге, орыстандыруға, тіпті шоқындыруға тырысқанымен, мыңдаған жылдары қалыптасқан қазақтың генеологиялық мұрасы, бай және көркем мәдениеті сол саясатқа қарсы жоғары иммунитетін көрсете білді. Мәдениетімізде жанданды, тарихымызда қайтадан оқылды. Біздің бүгінгі қозғап отырған тақырыбымыз да, болып жатқан үрдіске үлесімізді қосу мақсатында көпшілікке арналып, Құлан ананың тарихымыздағы орнын айқындау әрекеті болып табылады.

Бұл тақырыпты зерттеу кезінде көптеген дереккөздерге тап болдық. Әрине, көркем әдебиетінің рөлі зор болғанымен, басты назар сол заманда жазылған жешіре мен жылнамаларға аударылды. Олардың ішінде ең беделділері, керек болса, құжат деңгейінде тарихшыларымыздың пайдаланатын «Моңғол құпия шежіресі», тимуридтардың жазған «Муизз ал- ансаб» шежіресі, Жүзжанидің «Табақат-и Нәсірі», Рәшит ад-Діннің «Жылнама жинағы» және т. б. Жұмыс барысында С.Г.Кляшторный мен Т.И.Султановтың «Казахстан. Летопись трех тысячелетий» атты кітабы қолданылды.

Жезқазған қаласынан оңтүстікке қарай 30 шақырым жерде, Кеңгір өзенінің Сарысуға құятын жерінен 8 шақырым жоғары орналасқан, қабырғасы күшейтілмеген, моңғол заманына жататын Болған ана археологиялық кешені бар. Кешен Жошы үлесінің ірі салық жинау, сауда-саттық және әкімшілік орталығы болған. Сарысу жолымен Сыр бойынан керуенмен келетін саудагерлер өз заттарын Жезқазғандағы Мыйлықұдық, Сорқұдық, Айнакөл металлургтерінің мыс өнімдеріне айырбастап, салығын төлеп кететін. Кешеннің ұзындығы Кеңгір өзенінің бойымен 4 шақырымға созылады. Аумағында Болған ана және Құлан ана атты күмбездері қираған, күйдірілген кірпіштен көтерілген екі алтынордалық мавзолей бар. Мавзолейден оңтүстікке қарай диаметрі 10—30 м. құрайтын 4 дөңес сарай қалдығының үйінділері орналасқан. Ең үлкен үйіндінің биіктігі 1,5 м. Қазба жұмыстары кезінде өрнектелінбеген керамика ыдыстарының сынықтары табылған.

Рис.1 Ұлытаудың номадикалық тарихы. Мақалалар жинағы

Құлан ана күмбезі (Фото авторы Бақтияр Қожахметов).

Осы мәліметтер Болған ана мен Құлан ана кімдер? – деген сұрақ туындырады. Болған анамызды болашақ күндері талқылауға қалдырып, біз назарымызды Құлан анаға аударуды жөң көрдік. Сонымен, деректерге сүйенсек Құлан ана Шыңғыс ханның меркіттен алған екінші әйелі болып табылады. Кейбір жазбаларда үшінші, тіпті төртінші әйелі ретінде авторлар қателесіп көрсетеді. Ең басты дереккөз «Моңғол құпия шежіресі» бойынша Құлан ұлы хағанның екінші әйелі екені нақты айтылған. 1204 жылы күзде «Қара даланың тұмсығы деген жерде меркіттің Тоқта бегімен Шыңғыс хаған соғысып, оны жеңіп, Сарыгер деген жерде меркіт тайпасын телім етеді. Тоқта Құду мен Шұлуын деген екі баласын ертіп, аздаған кісімен қашып кетеді. Шыңғыс хаған Құду мен Шұлуынның әйелін Өгедейге бергізеді». Убас меркіттің зәңгісі Дайыр-ұсын соғысудан бас тартып, қызы Құланды Шыңғыс ханға көрсетпек болып алып барып, екеуі құда болады.

Құланның Шыңғыс ханның үлкен сарайындағы өмірін біз тек коркем әдебиетінен көреміз. Сондағысы Құлан мен Шағатайдың бір жақ болып Жошыға қарсы іс-әрекеттерін байқауға болады. Оның себебін айқындап көрейік. Көзі тірісінде әкесі Қият бөріжігіннің бай нояны Есүкей батыр тоғыз жасар Темүжінді өзінен бір жас үлкен онжасар қоңыраттың сұлуы Бортемен аттастырған болатын. Сол сәтте, ұлын құдасының үйінде тастап, өзі ауылға қайтар жолында татарларға кезігіп, олардың дәмінен татып, уланып өледі. Темүжін есейгенде Бөртені алып, отау құрады. Құрсағында Жошыны көтерген кезде Бөртені меркіттер тұтқыңға алып кетеді. «Олар Бөрте-үжінді алып барып, Шіледудің бауыры Шілігір балуанға береді». Темүжін керейдің Тұғырыл ханымен бірігіп, меркіттерге шабады. «Меркіттер үркіп, Темүжін қашқан елдің ішінен «Бөрте! Бөрте!«деп айқайлап іздегенде, Бөрте-үжін дауысынан танып, кейқуат кемпір екеуі күймеден түсе жүгіріп, Темүжіннің шылбырына орала кетеді. Айдың жарығымен таныған Темүжін оны құшақтап аймалайды». Осы жоғарыда болған оқиғадан кейін туған Жошы Шағатайдың көзі алдында меркіттің қоқсығы болып қалғанын келесі жерден көреміз. «Шыңғыс хаған: «Ал ұлымның үлкені Жошы еді. Кәне, не айтасын? Сен айт!» – дейді. Жошы сөйлеуден бұрын сөзге Шағатай араласады.

«Жошыға сөз сөйле деп, оны неге нұсқағалы отырсың? Біз меркіттің қоқсығына бағынбақпыз ба?» – дегенде, Жошы қарғып тұрып, Шағадайды алқымынан ала түсіп: «Мені хаған әкем бөтен көрмегенде, сен неге мені шеттетіп отырсың? Сен тек долышар-қаялығыңмен ғана артық шығарсың? Сенімен

Атысып бүгілсем, Қолымды кесіп берейін.

Алысып сүрінсем, Жатқан жерде өлейін.

Хаған әкемнің әмірі білсін!» – дейді. («Моңғол құпия шежіресі»).

Бұл жерде ханзадалардың мұрагерлікке талас басталғанын көреміз. Ал Құлан өзінің жалғыз ұлы Күлқанның қаһан назарынан тыс қалуы қатты құбалжытады. Сонымен қатар, Жошының жауапты міндеттерге ие болуы мен әскердің алғы қатарында жүруі де аландатулық туғызып отырды.

1219 жылы «қатындарының ішінен Шыңғыс хаған Құлан деген ханымды ертіп, бауырларының ішінен Отшы ноянды үлкен сарайда қалдырып, Арай асуынан асып, сартауыл (Хорезм) елімен соғысуға аттанады». 1224 жылы Орта Азияны жаулап алғаннан кейін Шыңғыс хан империясын төрт ұлына бөліп береді. Ең үлкен ұлы Жошы Қыпшаққа ие болып, Ұлытауда, Кеңгір өзенінің бойында ордасын тігеді. Сонымен қоса, көз болып жүру мақсатында Шыңғыс хан үлкен ұлына Құланды қосып жібереді.

Оғыздырдың заманында бой көтерген Орда Базар қалашығы Жошы үлесінің астанасы болды. Кеңгірдің Сарысуға құйылысында Қаражар деген жерде төрелердің ірі қаласының іргесі қаланады (археологиялық атауы Болған ана). Болған ана қаласы ірі салық жинау, сауда- саттық және әкімшілік орталығына айналады. Бұнда Жошының балалары, келіндері, сонымен бірге Құлан, оның ұлы (Шыңғыс ханның бесінші ұлы) Күлқан тұрған.

Жүзжанидің 1260 жылы жазылған «Табақат-и Насири» атты жазбасында Жошының өз әкесіне бой көрсетіп, сепаратистік саясатын жүргізгендіктен, Шыңғыс хан арасында алауыздық пайда болғанын айтады. «Менің әкем есіне ауыст, – деді Жошы өз айналасындағыларға. – Ол қаншама жерге залал келтіріп, қаншама халыққа қиянат жасады». Сондықтан ол Шыңғыс ханды өлтіргісі келетінін білдірді. Бұл сұмдық ниетті Құлан Шағатайға жеткізіп, хағанның құлағына да жетеді. Бұл оқиғаны ХІV ғ-ң басында жазылған

«Жылнамалар жинағында» Рәшит ад-Дінде растайды. Оның нұсқасы бойынша «Шыңғыс хаған Жошыға келар, башқұрт, орыс, шеркеш, т.б. солтүстік халықтарын жаулап алуды тапсырады. Бірақ, баласы әкесінің бұйрығына құлақ аспады. Қатты ызалаңған Шыңғыс хаған Жошыны ордаға шақырады. Жошы өзнің қатты сырқаттап қалғанын хабарлап, Қарақорымға баралмайтынын айтады. Сол кезде, батыстан келген бір маңғыт Жошыны „бір таудың“ маңында аң аулап жүргенін айтады. Капа отына ораңған хаған Жошыны өлтіруге Шағатай мен Өгедейді жібереді. Сол сәтте Жошының өлгені туралы хабар келеді».

Осы екі нұсқаны сараптай отырып, бір қорытындыға келуге болады. Үлкен ұлына мемлекетті ыдыратуға жол бермеу үшін Шыңғыс хан Жошыны өлтіруге құпия бұйрық береді. Ол бұйрықты орындауды Шағатай арқылы Құлан ханымға жүктейді. 1227 жылдың ақпан айында Құланның сенімді баскесерлері Жошының қолын шауып өлтіреді.

Бұл оқиғаны жасыру үшін Ұлық Жыршы Шыңғыс хаңға Жошы өлімін әлі күнге дейін сақталған күй ретінде жеткізеді. Ол күй бойынша Жошы құлан аулауға шығып, үйірді бастап жүрген айғырды аяғынан жаралайды. Ызалы құлан аңшыға тап беріп, оны аттан құлатып, қолын шайнап, өлтіреді. Шыңғыс ханның қаралы хабар әкелген адамның көмейіне қорғасын құямын деп қатаң айтқан сөзі бар еді. Сол кезде хабарды жеткізуге ешкімнің батылы жетпей, Ұлық Жыршы келіп, домбыра алып, бір күйді тарта жөнеледі. Хан осы күй арқылы бәрін түсініп, сертін бұзбас үшін, домбыраның көмейіне қорғасын құйғызады. Сол күйде бейнеленген ақсақ құлан, аяғын сілтіп басатын Құлан ханымның өзі.

Жошыны өлтірген жануар емес екеніне күмән жоқ. Өйткені оппы қарлы ақпан айында Ұлытауда құлан аулау мүмкін емес. Сондықтан, Жошы өзінің сарайында болғаны әлде қайда жақынырақ. Археолог Жұман Смаилов Жошы ордасында жүргізген қазба жұмыстарының нәтижесінде сарайдың қабырғаларында камин секілді отын пештерін тапқан. Олай болса Жошы қыстың кезінде Ұлытауда болғаны әбден мүмкін.

Жарты жыл арада Шыңғыс ханның өзі де дүниеден озғаннан кейін, Жошының балалалары Құланды да артынан аттандырады. Құлан өзінің соңғы жылдары өмір сүрген Болған ана қаласында жерленген. Жалғыз ұлы Күлқан орысты жаулауға барғанда қаза табады. Бірақ, тимуридтардың «Муизз ал-ансаб шежіресінде» Күлқанның төрт ұлы қалғаны жазылады. Олар Құлан ханымның басына кесене тұрғызады. Құлан ана күмбезі солай пайда болған.

Осы тақырыпты зерттеу кезінде Құлан ананың қазақ тарихында өзгеше орны бар екеніне көз жеткізе отырып, бұл тұлғаның өмірбаяны туралы зерттеу тарихшыларымыздың болашақ еңшісінде деп есептейміз.

Сейтжанов М. Б. Сәтбаев қ., «№25 ЖМ» КММ. Тарих пәнінің мұғалімі.

03.08.2016 ж.

Жезқазғанды зерттеген Уэст

Уэст – Жезқазған мыс кен орнында алғашқы болып геологиялық-барлау жұмыстарын жүргізген ағылшындық ірі инженер-геолог. Никон Ушаковтың мұрагерлері ағылшын инвесторларымен келіссөздер жүргізіп, Жезқазған мыс кенін сатуға бел буғанда, келісім-шарт шасасар алдында шетелдіктер барлау жұмыстарын жүргізіп алуды жөн көрді. Ол үшін 1904—1905 жылдары кен орнына «Сібір синдикаты» компаниясының агенттері келіп, көзбен қарап шығып, Лондонға геологиялық-барлау жұмыстарын жүргізуге болады деген мәлімдеме жолдады.

1906 жылы Ұлытауға геолог Уэст басқарған геологиялық партиясы келді. Барлау жұмыстарының басында-ақ ағылшындар ірі көлемдегі мыс желілеріне тап болды. Зерттеу мақсатында балқытуға жіберілген кентастардың құрамында бар 6-дан 32 процентке дейінгі металл анықталды. Сонымен қатар, ағылшын геологтары С. Болл мен Бродрик кеннің геологиялық топографиясын суретке түсірді. Жұмыс барысында жалпы тереңдігі 17 мың метрді құрайтын 235 ұнғыма бұрғыланды. Яғни, әр ұңғыманың орташа тереңдігі 72 метр болды. Онымен қоса, ағылшындар 17 шахта мен көптеген штректер жүріп өтті.

Болашақта салынатын зауытты отынмен қамтамасыз етуді көздеп, ағылшындар Байқоңыр көмір ошағын зерттеді. Нәтижесінде Уэст 54 ұңғыма бұрғылап, екі жерден мыс қорыту зауытын қамтамасыз ететін ірі қоңыр көмір пласттарын тапты.

Уэсттың жүргізген геологиялық-барлау жұмыстарының нәтижесі бойынша инженер Гарэвэй болашақ өндірістің жоспарын әзірледі, ал 1912 жылы Лондонда өткен «Атбасар мыс кендері» Акционерлік Қоғамының акционерлері Қарсақбай мыс қорыту зауытын салу туралы шешім қабылдады.

Сол жұмыстардың арқасында 1913 жылы Қарсақбай мыс зааводының құрылысы басталып, 1918 жылы құрылыс аяқталар кезде революция салдарынан ағылшындардың салған заводы большевиктердің тәркілеуіне ілекті. Содан тек 1925 жылы Қарсақбай мыс қорыту заводын қайта келтіру жұмыстарын бастау туралы шешім қабылданды. «Атбасар түсті металл» тресі құрылды. 1928 жылы мыс заводы іске қосылды. Сол уақыттан 1939 жылға дейін Кеңес үкіметі ағылшын геологы Уэст ашып кеткен 17 шахтаны пайдаланып отырды. Тек 1939—1940 жылдары Жезқазған кенішінің күшімен екі шахта салынып, 1940 жылдан бастап Москваның қаржыландыруымен жаңа шахталар ашыла бастады. Осы мәліметтер Уэсттың Жезқазғанда жүргізген жұмыстарының жемісі маңызды екенін білдіреді.

М. Сейтжанов. 2017 жыл

Камал-папа

Мен Камал Смайыловтың немере інісі болып келемін. Бірақ, ол кісіні әрқашан «папа» деуші едім. Бұған бала кездегі бір оқиға себеп болған-ды. Төрт-бес жасар кезім болуы керек, үйдегі фотоальбомды ақтарып отырып, көзім өз әкемнен аумайтын кісінің суретіне түскенде, іштей «бұл кім болды екен?» дегендей қадалып қарап отырып қалыппын. Соны аңғарған әкем:

– Бұл кісі – Алматыда тұратын Камал дейтін әкең болады, – деп түсіндірді. Әкемнің бұл сөзінен соң мен «е, менің Алматыда да папам бар екн ғой» деген ойға берілдім. Сол күннің ертесінде-ақ көрші балалармен ойнауға шыққанда «Менде екі папа бар, біреуі – үйде, біреуі – Алматыда тұрады» деп кәдімгідей мақтанатын болдым. Бұл сөз үлкендердің де құлағына жетіп, ақыры, бәрі менің мұныма бір күлісіп алғаны бар. Бірақ, содан соң үй-ішімізбен біз де Камал көкені «папа» деп атап кеттік.

Камал-папаны алғаш көруім 1983 жыл. Ол Нәдлә-жеңгей екеуі үйімізге қонаққа келді. Сол сапарында ол кісінің берген ұлағаты мынадай болды.

– Иә, Мұхтар-батыр, сабақ қалай? – деп сұрады Кәмекең. Мен: «Жақсы», – деп жауап бердім.

Нәдлә-жеңгей:

– Жақсы ма, жоқ өте жақсы ма? – деді.

Мен шындығымды айттым: «Жақсы», -дедім. Екеуі күлді.

Мен еркін өскен бала – қашан ойнауға шығам, қашан сабағымды оқимын – ешкімнің шаруасы жоқ. Кейбірде Гүлнәр апам бақылауды қолға алады – бітті. Басқа уақытта – бостандық. Ал Кәмекеңнің сұрағы мені қатты ойландырып жіберді. Сабақ оқып, білім алудың маңыздылығы ойыннан жоғары екенін ескердім.

Камал-папаның біздің Жездіге келесі келгені 1985 жылдың мамыр айында. Бұл жолы келгеніне Бибігүл әжемнің қайтыс болуы себеп болды. Үйдің алдына төрт киіз үй тігілді, жұрт жиналды. Намазға келген кісі аяғы басылғаннан кейін бәріміз әжем жерленген Ұлытауға шығаберіс тасжолының бойындағы қорымға бардық. Әлі бүгінгідей есімде, Камал-папа қатып үлгермеген топырақтан бір уыс алып, оны үгітіп менің қолыма берді де: «Былай сеп» – деп, тағы топырақ алып әжем жатқан жерге шашып жіберді. Мен сол әрекетті қайталадым. «Анамыздың топырағы торқа болғай» деп, зират басында дұға қайырдық. Қазір «Кешегі Кеңес дәуірінде дінге тиым салынды, жұрт өздерінің ата-бабаларына Құран оқытып, дұға арнаудан қорқатын» деген де пікірлер кездесіп қалады. Меніңше, бұл біржақты айтылған сөз. Бәлкім, көлеңкесінен қорыққандар болса болған шығар, бірақ, жүрегінде иман ұялаған жандар аруақтарға қол жаюды еш ұмытқан емес.

1991—1992 жылдары Кәмекең елге қатарынан екі рет келді, екеуінде де жолы тойға түсіп еді. Бірі – Баубек Бұлқышевтің 75-жылдық тойы болса, екіншісі – Камал-папа мен белгілі академик-дәрігер Төрегелді Шармановтың бірге өткізген 60-жылдық мерейтойлары болатын. Б. Бұлқышевтің Кәмекеңнің өміріндегі орны тым ерекше, ол бір жағы бізге жақын туыс болып келеді және атамыз Сейітжанның қолында өсіп, тәрбие алған. Ол туралы Камал-папа өзінің «Жеті қыр, бір сыр» атты кітабында тамаша етіп жазғаны да белгілі. Сондықтан, Б. Бұлқышевтің мерейтойына орай құрылған қос комиссияның бірінің төрағасы К. Смайылов болуы қай жағынан алып қарасаңыз да әбден жарасымды еді.

Ал, Камал-папа мен Төрегелді ағаның 60-жылдық мерейтойлары Қазантаудың баурайындағы «Қаражол» жайлауында өтті. Көптеген киіз үй тігіліп, қаптаған халық жиналды. Ұлытау өз төсінен ұшып шыққан қос ұланына барынша құрмет танытып бақты. Ұзынынан тігілген ақшаңқан киіз үйлер, топтаған автокөліктер, мыңдаған ел-жұрт. Ойын-сауық, концерт, бай дастархан жайылып екі күн дүркіреп той өткен соң, екінші күні кешке қарай киіз үйлер жиналып, тек бір үй ғана қалдырылды. Мұнда сырттан келген құрметті қонақтарға арнайы қонақасы берілді.

Ертесінде сол қонақтармен бірге атақты Ақшоқыға (Алтыншоқы) бардық. Бірнеше ақ «Волгалардың» артынан біз әкемнің қызмет қара «Уазымен» жүріп отырдық. Ақшоқыға келгенде көргенім – бір жағы түп-түзу тасқа қашалған араб әліпбиі мен тастан үйілген шоқы.

– Бұл не? – деп сұрағаныма әкем:

– Бұл Ақсақ Темірдің Алтын Ордаға ұйымдастырған жорығы туралы өзінің жаздырып кеткен ескерткіш, – деп жауап берді.

Қонақтардың арасынан бір кісі осы жер туралы әңгімесін бастады:

– Бұл жер үлкен әскер тоқтап, жорық жасаудың алдында жан-жақты дайындалып алуға қолайлы болған. Неге десеңіз, екі қырдың аяғы өзенге тіреледі, сондықтан осы алаңға киік немесе құландарды қамап, екі жақтан садақпен атып, әскерді азық-түлікпен қамту мәселесін шешкен. Ал, тастан үйілген шоқы қару-жарақ жасау үшін көтерілген, өйткені, отты қыздыру үшін тоқтамай соғып тұратын жел керек болған, ал, олай болса, Ақшоқы үнемі жел соғып тұратын жерде орналасқан.

Бұдан да басқа пікірлер айтылды. Шерхан Мұртаза, Ақселеу Сейдімбек тәрізді белгілі тұлғалардың әңгімелерін айтсаңызшы! Ақшоқыдағы Ақсақ Темірдің тасқа қалдырған жазуының көшірме екенін де сонда білдім. «Жеті қыр, бір сыр» атты кітабының басында бұл тас туралы Камал-папа былай деп жазады: «…Ұлытаудың аты ұлы орыс ақыны А. С. Пушкиннің жазбаларында үш-төрт рет аталады. Ол бір жазбасында Ақсақ Темірдің Ұлытау маңына келгенін, сонда бір аялдап тұрып өзінің жорығы жөнінде сол жердегі бір тасқа қашап жазыпты деген дерек келтірілген.

Сол Ақшоқы баурайында жатқан тарихи тасты 1936 жылы Эрмитаждың директоры, академик Орбели арнайы адам жіберіп, Ленинградқа алдырған екен. 1988 жылы біз сол Эрмитажда болғанда оның директоры академик Б. Б. Пиотровскийден сұрағанда, ол тастың музей қорында сақтаулы тұрғанын айтты. Түркістанның атақты қасиетті тай-қазанын қайтару жөнінде сол жолы алғаш әңгіме болған. Енді осы тас туралы мәселе қозғауға да болар еді». Иә, сол тас Эрмитажда тұрғанша, өзіміздің Мемлекеттік мұражайда орнын тапса ғажап болар еді» деп армандап кеткен болар Кәмекең.

Ақшоқыдан кейін Едіге тауының бауырына қарай жол тартқанда оң жағымыздан сақ дәуірінің қорғандарын көрдік. Ол туралы әкем:

– Кезінде өзім осы тарихи ескерткіштерді Әлкей Марғұланға көрсетіп аралатқанмын. Анау сақтардың қорғандарын өткен ғасырда мексикандықтар тонап кетіпті, – деді. Жолай тағы бірнеше тарихи ескерткіштерге тоқтадық. Оның бірі кезінде Әлкей Марғұлан қазба жұмыстарын жүргізген көне батырдың жатқан бейіті. Сонда мені таң қалдырғаны батырдың жатқан сүйегін қоршаған төрт тас плита (Ұлытаудың граниті). Жаңағы плиталардың көлемі екі жарым квадраттан аспаса, кем емес. Сонда кісілердің арасынан бір жастауы:

– Ол кезде қазіргідей кран жоқ, мына плиталарды осы жерге қалай жеткізді екен? – деп басын шайқады.

Міне, Ұлытау – көне замандардан-ақ бері Адам баласы мекендеген жер екеніне осы ескерткіштер куә. Сол жолы мен Камал-папаларға еріп, Алматыға аттанып кеттім. Өйткені, мектепті бітірген жылым болатын, мақсатым – студент атану. Жезқазғанның аэропортында алматылықтарды шығарып салуға арналған кішігірім банкет өтті.

Ұшаққа отыру басталып, біз орындарымызға жайғастық. Бір кезде қымыз құйыла бастады (Ұлытаудың қымызындай қымыз еш жерден кездестірген емеспін). Сөйтіп, ұшақ ішінде шөлімізді қандырып алып, Алматыны бетке алдық.

Бір сағат жиырма минутта «Ту-154» бізді Алматыға алып келді. Бізді күтіп алған жүргізуші Володя ма, әлде Сергей ме еді:

– Үйге? – деп қазақша сұрады.

Кәмекең:

– Уф-ф, үйге, – деп күрсінді.

Мен терезеден қарап отырмын. Теледидардан, журналдардан көрген «Қазақстан» қонақ үйі қайда? Алатау қайда? Ештеңе көрінбейді. Көшенің екі жағында ормандай талдар жауып тұрған көпқабатты үйлер ғана.

Үйге келдік. Үй бесінші қабатта, төрт бөлмелі. Есікті жарқын жүзді, күлімсірген шикі сары, көзілдірік киген Сәлім ағам ашты. Амандасып танысқаннан кейін:

– Ну, как съездили? – деп сұрағанға Кәмекең:

– Съездили очень хорошо! – деп жауап берді.

Таңертең тұрсам бәрін жел үрлеп кеткендей, ешкім жоқ. Балконның есігі ашық тұрғаннан мен бірден сол жаққа асықтым. О, ғажап! Дәл алдымда «Қазақстан» қонақ үйінің көпнайзалы басы көрініп тұр. Ал, оң жағымда бір қатарға тізіліп тұрған Алатау.

Уақытымды жоғалтпайын деп, бірден дайындыққа кірістім. Жездіден өзіммен алып келген кітаптар бар, соларды оқи бастадым. Кешкі алтыдан кейін көзім қызарып, миым ашып отырған кезде, үйдің иелері де келе бастады. Нәдлә жеңгей мен Гүлжан жеңгем асханада, ал Камал-папам және мен теледидардың алдында. Кәмекең үндемейді, оң қолында қалам, блокнот, ал сол қолында – пульт. Жапондық «Сони» телевизорын көргенім сол жолы бірінші рет болатын. Оны Кәмекең Жапонияға барғанда жапондықтар сыйлыққа берген екен.

Каналдар ауысқан сайын блокнотқа құмырсқалар әскери сапқа тұрған секілді әріптер пайда болады. Басындағы ақшыл шашының қиылуы алдымда өзімнің Бақыт әкем отырғандай сезім береді. Бірақ, менің әкемнің айырмашылығы – оның сол қолында кітап, көзінде көзілдірігі, ал оң қолында темекі. Ол паровоз сияқты бірінен соң бірін түтіндететін де отыратын.

Жүрістерінде де айырмашылық бар. Камал-папа тез қимылдайды, ал Бақыт әкем баппен, бір аяқтан бір аяққа асықпай, бар салмақпен басады. Диваннан тұрып жер орындықты алады да, есіктің алдына отырып, әрі қарай оқуын жалғастырады.

Ал, Камал-папа болса орнынан жылдам түрегеліп, кабинет қызметін атқаратын бөлек бөлмеге кетеді. Мен ваннаға барғандай болып, сол бөлменің қасынан өтіп бара жатып көзімнің қырымен бір қарап қоямын. Столдың басында отырған Кәмекең жаңағы блокноттағы «құмырсқалардың әскерін» ақ қағазға мың есе қылып көбейтіп жатады.

Оқуға түсу сынақтардан өтіп, мен әл-Фараби атындағы Ұлттық университетінің тарих факультетін төрт жылдың ішінде оқып бітірдім. Жатақхананың қиыншылық өмірін көріп, дипломымды алып, ауылға қайттым.

1998 жылдың желтоқсан айында Весовая кентінің орыс мектебінде сабақ беріп жүргенімде Президент сайлауының алдында үйге Гүлнәр апам келіп:

– Президент өкілдері болып Ұлытау-Жезқазғанға Камал-папа мен Шерхан Мұртаза келейін деп жатыр. Осы үйге соғамыз деді, дайын отырыңдар, дастархан мол болсын, – деді.

Сол жылдың ақпан айында дүниеге менің ұлым келген еді. «Атын кім қоямыз?» дегенде мен әкеме:

– Өзіңіз қойыңыз, – дегенімде, әкем:

– Менде үш ұл бала болса деп армандап едім. Үшеуіне қазақтың үш жүзінің белгілі тұлғаларының есімдерін берсем бе дегем. Үлкен ұлыма Сырым Датұлының атын беріп, саған Мұхтар Әуезовтің атын бердім. Өкінішке орай, үшінші ұлды Құдай бермеді. Егер бергенде оны Бауыржан Момышұлының құрметіне Бауыржан деп қоятын едім. Ендеше немеремнің атын Шерхан деп қояйық, өйткені, Шерхан Мұртаза Ұлы жүздің қадірлі тұлғаларының бірі, әрі Камал әкеңнің досы, – деді. Әкемнің айтқаны болды, ұлыма Шер ағаның есімін бердік.

Мұны Камал-пападан естіген Шерхан Мұртаза:

– Мен қайткенде де ол балаға барып батамды беруім керек, – депті.

Жұмыста сабақ беріп жатқан кезде завуч келіп:

– Мухтар Бакытович, к Вам приехали очень важные гости из Алматы. Бегите домой! – деді.

Жалдап отырған төртінші қабаттағы үйге келсем, Шерхан Мұртаза, Ұлытау ауданының әкімі Серік Тілеубаев, тағы басқа кісілер отыр екен. Он айлық Шерхан Кәмекеңнің алдында отыр. Кісілермен амандасып мен де отырдым. Шерхан Мұртаза ұлыма батасын беріп, «Ай мен Айша» кітабына қолтаңбасын қалдырды.

– Ал, біз асығыспыз, – деп, дастарханнан дәм ауыз тиер-тиместен жүріп кетті.

Камал-папа менен:

– Мектепте істеп жүрсің бе? Сол дұрыс қой – деді. Басқадай сөйлесуге уақыт болған жоқ. Соның өзі бізге есте қалатын зор оқиға болды.

Келесі жылы наурыз айында, өкінішке орай, Бақыт әкем дүние салды. Камал-папа жедел ұшақпен ұшып келді. Екеуіміз көріскенде көз-жасымды жасыра алмадым. Алматыдан жеңіл киініп келген екен, әкемнің дубленкасын кигенде, алдымда Бақыт әкемнің өзі тұрғандай болды.

Камал-папамның келесі ауылға келгені әкемнің жылы еді. Сол кезде мен ол кісіні соңғы рет көрдім. Жетпісжылдық мерейтойына шақыру келіп еді, оған да бара алмадым.

2003 жылдың маусым айында үйге келсем келіншегім Кенжегүлдің көзінде жас:

– Ата қайтыс болыпты. Жаңалықтардан көрсетіп жатыр, – деді. Сөйткенше болған жоқ, телефон да суық хабар жеткізді. Бұл дүниеден солай, бір күнде кетеді деп ойламап едік. Дереу Алматыға билет алып, жол жүріп, поезбен жетісіне бірақ жеттім. Нәдлә жеңгей:

– Ем алып жатқан досы Төрегелді Шармановқа қалын сұрап клиникаға барған кезде, сол кісінің қолында қайтты. Сахар… – деді.

Алланың бұйрығына бағынғаннан басқа бізге не шара? Кәмекең өз басының, немесе туыстарының қамын ғана емес, бүкіл адамзаттың болашағын ойлап, уайымдап кеткен еді. Камал-папам бүкіл ұлтымыздың беткеұстары, халқымыздың мақтанышы еді. Оған дәлел – ол кісінің ғылыми зерттеулері (электроника, космонавтика, болашақ энергетика саласындағы болжамдары), публицистика шығармалары – «Жеті қыр, бір сыр», «Жолданбаған 27 хат», «ХХІ ғасырға саяхат», Шерхан Мұртаза екеуінің хаттары, кино, театр және телевидение туралы ой-толғамдары. Кәмекеңнің бастамасымен «Қыз Жібек» атты фильм түсірілгені, айтыс қайтадан қазақ қауымына оралғаны, «Тамаша» пайда болғаны жұртқа белгілі. Соңғы жылдары Президенттің қабылдауында болғанда «50х50» деген бүкіл ақпарат құралдарына тиісті заңды қолдануға өтініш жасап, қазақ тілінің мәртебесін көтерген де Камал Сейітжанұлы. Экономика, саясат, қоғам проблемаларын қозғап, цифрлармен дәлелдеп, жауабын іздеп тауып, оқырмандарына ұсынатын еді.

Менің Камал-папам жымиіп күліп, бір ренішін, уайымын сырт көзге көрсетпей, ақ көңілді, пессимизм дегеннің не екенін білмейтін адам ретінде ғана есімде қалды!

  • «Сарыарқа» (Жезқазған қ.) және
  • «Шарайна» (Сәтбаев қ.) газеттері.
  • 27.04.2007 жыл.

Домбауыл немесе Добұн мерген

Екінші мыңжылдықтың тұлғасы деп дүниежүзі мойындаған Шыңғыс қаһанның шыққан тегі бүгінгі күні қызу талқылануда. Ұлы тұлғаның руы, туған жері, саясатын жүргізген Отаны туралы зерттеулер екі бағытқа қақ айырылып шықты. Кезіндегі Ресей отаршылдық саясаты көздеген кигіз туырлы елді екіге айыру мақсаты өз дәрежесіне жетіп отырғанына ұқсайды. Қазақ пен моңғол тарихнамасының соғысы, әсіресе қоғамдық интернет желілерінде, аянбай қақтығысқа ие болып отырғанын көреміз.

Ортағасырлық жылнамалардың бұрмалануының «қылмыстық себебі» сол Ресей мен Цин империясының ықпалдығына түскен екі көшпенді аумақты әлсіретіп, елін бодан қылу болды. Сондықтан, дала аумақтағы елді санасынан, ұлық тарихынан, түбі өздерін де жер бетінен жойып жіберу отаршыл саясаттың басты мақсатына айналғанын тарих дәлелдеп берді. Бұл процесс Петр І-нің кезінде басталып, Сталинның кезінде, толығымен болмаса да, басты жоспарлары орындалды десек қателеспеспіз.

Рис.2 Ұлытаудың номадикалық тарихы. Мақалалар жинағы

Санамызға сіңіп кеткен Исай Калашниковтың «Жестокий век» романы, В. Янның бұл тақырыптағы көптеген шығармалары, «Моңғолдың құпия шежіресі», «Алтын шежіре», Бартольдтың зерттеулері, тағы басқасы тарихнамадағы Шыңғыс қаһанның дәуірінде болған оқиғаларды дауға түспейтіндей қылып шегелеп қойып еді. Сол кітаптар тарихты жазғанда сүйенетін басты дереккөз болып келді. Оған идеология да, мемлекет қаржысы да, қатан кеңес империялық билік те бар жағдайды жасап қойды. Көптеген кітапханалар мен жәдігерлер жойылды, тарихи білімі жоғары ғалымдар ГУЛагтың қолымен келмеске кетті.

Соған қарамастан, кеңес империясы құлағалы, қолымызға басқа да дереккөздер тие бастады. Тек қана шаруашылыққа бейімделген ел Ленин тезистерінің гипнозынан шығып, өз тарихын білгісі келіп, өткенге ой сала бастады. ХХІ ғасыр қазақтың санасына одан да ғажап олжа әкелді – ол интернет. Сирек кездесетін құжаттар мен кітаптар бар архивтер мен кітапханалар цифрланып, көптеген рухани дүниелер қызығушылық танытқан жанға қолжетімді болды. Әбілғазының «Түрк шежіресі», Қадырғали Жалайырдың «Тарих-и Оразмұхаммеді», Рашит ад-Діннің «Жылнамалар жинағы» мен «Оғыз намасы», «Оғыз қаһан» эпосы, тағы басқасы басылып шығарылды.

Соның арқасында кеңестік идеологияға сай тарихнамаға кері пікір туындай бастады. Тарихымыздың екінші «көлеңке» жағының шеті ашылды. Сол тұрғыда Шыңғыс қаһанның тарихтағы рөлі басқа көзқарасқа ие болып, мемлекет құрудағы, әскери тәртіпті жетілдірудегі, басқа елдерге жасаған өркениеттілік ықпалы жоғары бағаланды. 70 жыл бойы бөтенсініп жүрген Шыңғыс қаһанды қазақ өзінің бабасы деп мойындады, тіпті оны қазақ пен күллі кигіз туырлы елдерді біріктірген Алаша ханмен кейіптеді.

Біздің соңғы жылдарда Ұлытау тақырыбында жасаған өлкетанушылық бағытындағы зерттеулер Шыңғыс қаһанның шыққан тегі мен Отаны туралы ой-пікірлер туындатады. Рашид ад-Динның жазуы бойынша Шыңғыс қаһан Кият тайпасынан, оның ішінде Нируун (ару тұқым) руынан шыққанын білеміз. Ал Қара-Кеңгір өзенінің солжағалауында тұрған оғыз заманына жататын діңде жерленген Домбауыл, «Оғыз қаһан» эпосы бойынша, Қият руының рубасысы екенін білеміз. Әрине, бұл жерде қияттар қазіргі Моңғолияда да өмір сүрген деген пікірді алға тартуға болады. Демек, Оғыз қаһан заманынан бастап ХІ ғасырға дейінгі заманда, «түрк қауымынан шыққан» мұңғылдар, кейін олардың ұрпақтары оғыз-қияттар бір бүтін болып Ортақ пен Кертақты жайлап, Борсықтағы Қарақорымды (бүгінгі Қарақұм) қыстаған десек, Шыңғыс қаһан мен оның әскері, Бағаналы елі, қоңыраттар, маңғыттар, т.б. автохтонды этнос болып шығады.

Осы пікірімізді қолдайтын дерекнамалар 2009 жылы қайта шыққан «Моңғолдың құпия шежіресі» мен 2011 жылы басылған академик Әлкей Марғұланның Шығармалары. Екеуінде де Домбауыл мен Добұн мерген туралы, бір-біріне ұқсас аңыздар беріледі.

Әлкей Хақанұлы Ұлытау өңіріндегі оғыз заманына жататын дің, діңгек, үйтас, қос-үйтас типті архитектуралық тарихи ескерткіштерінің арасында ең маңыздысы деп Домбауылды атап, ғимараттың сипатын келтіре отырып, Домбауылға қатысты келесі аңызды сөз қылады. Академик «Домбауылды атақты мерген, ақын және музыкант – күй шығарушы» деп бейнелейді. (Шығармалар. ІХ том, 295-бет. 2011 ж.)

Марғұлан келтірген аңыз бойынша «Домбауыл қанның қызына ғашық болып қалады. Қан қызын шет көзден сақтаймын деп, «түн теңізінің» ортасына үй салады. Қыздың қарауына қырық қыз беріп, ешкімге қызбен жүздесуге рұқсат бермей, қызды қараңғы мұнараның ішіне отырғызып қояды. Бір күні қыз шыдамы таусылып, «сыртта не болып жатыр?» деп қасындағы қыздарға терезені аштыртады. Сол сәтте қанның қызы түскен күн сәулесінен жүкті болып қалады. Бұл хабар қанға жетіп, ол қақпағы бар алтын қайыққа қызды отырғызып, өзен ағысымен жіберуге бұйрық береді. Сол өзеннің жағасында аты елге белгілі Домбауыл өмір сүрген. Ол да өз қандығынан қуылған еді. Оның қасында болған Шаба-Соқыр досы алыстан алтын қайықты көріп қалып, Домбауылға шарт қояды: қайықтың ішіндегісі сенікі, қайықтың өзі менікі болсын – деп. «Қайық жақындағанда Домбауыл: «Қия атайын ба? Кесе атайын ба?» – деп сұрайды. Шаба-Соқыр: Қия ат – дейді. Домбауыл мерген, атып жібергенде қайықтың қақпағы бірден түсіп қалады. Сондықтан Домбауыл мен Шаба-Соқырды қияттар деп атаған. Қайық жағаға тірелгенде, олар ішіндегі қаншайымды көреді. Домбауыл оған үйленеді, одан ұл туып есімін Тәңір деп қояды.»

Әлкей Марғұланның Рубрукке сүйеніп келтірген бұл аңызда Қият руының пайда болған сәті баяндалады. Әрине, қияттардың этногенезіне тиісті Рашид ад-Дин де, Әбілғазы да, Қадырғали Жалайыр да өз пікірлерін жазады және де олардың пікірлері аңыздарға қарағанда ғылыми түсініктемеге жақынырақ болып келеді.

Енді осы қазақ аңызына ұқсас моңғолдың аңызына көз жүгіртейік. «Моңғолдың құпия шежіресінде» Темүжіннің тегін тарқатқан бірінші бөлімде Добын мерген мен Дуба соқыр туралы жазылады. Моңғолдардың пайымдауынша екі кейіпкер дос емес, ағайынды, Торғылжын байдың балалары болып келеді. Оқимыз: «4. Дуба соқырдың мандайының ортасындағы жалғыз көзі үш көш жерді көретін еді. 5. Бір күні Дуба соқыр Добұн мерген бауырымен бірге Бұрхан-қалдұн тауына шығады. Дуба соқыр Бұрхан-қалдунда тұрып қараса, Түңкелік бұлағына таман бір топ ауыл көшіп келеді екен. 6. Сонда Дуба соқыр: «Мына көшкен ауылдың ішінде, бітеу арбаның алдында бір сұлу қыз кетіп барады. Егер біреудің жары болмаса, бауырым Добұн мерген, саған айттырып алып берейін», – деп оны көріп келуге Добұн мерген бауырын жібереді. 7. Добұн мерген манағы көшке барып, қызды көрсе, шынында хас сұлудың өзі екен және біреудің жары емес екен. Есімі Алұн сұлу екен… 10. Алұн сұлу Добұн мергенге келгеннен кейін, Бүгінүтей, Белгінүтей деген екі ұл туады.» («МҚШ. 27-бет. 2009 ж.)

Добун мерген Оғыз қаһанның нәсілінен тарағанын Әбілғазы жазады. Оның бабасы Қиян Ел қанның баласы еді. Қиянның кезінде Ұлы далада маңызды саяси өзгерістер орын алған болатын. Себебі – даланың басты аймақтарын ғасырлық шөл алып, жер жетіспей, рулар мен тайпа-елдердің арасында қақтығыстар орын алды. III – IV ғасырлары шығыстан жылжыған күндер Ұлы көштің басталуына себепкер болды.

Сол аласапыран заманда өмір сүрген Қиян мен оның құрдасы Нүкүз (Ел ханның інісінің ұлы) жан-жақтан алған жаудан мал-мүлкін сақтау үшін бір таудың ішіне кіріп паналайды. Ол жер бүгінгі тарихнамада Ергенеқон деген атаумен белгілі. Әбілғазы Қиянның ұрпақтары Ергенеқонда 400 жыл өмір сүрді дейді. Сонда, қият болып аталған Киянның ұрпақтары Ергенеқоннан шыққандағы кез VIII ғасырға келеді. Оларды сол кезде басқарған құрлас руынан шыққан патшалары Бөрте шене.

Әбілғазының Ергенеқон туралы баяны шындыққа жатады, өйткені Ұлы даланы жалмап алатын ғасырлық шөл туралы кезінде Лев Гумилев те жазған. Ол шөл әр алты ғасыр сайын болып тұрған. Адамзат тарихнамасына белгілі ең бірінші ғасырлық құрғақшылық біздің дәуірімізге дейінгі ІІІ ғасырда болған. Одан кейін жоғарыда аталған ІІІ-IV ғасырда болған екіғасырлық құрғақшылық орын алды. Сол кезден VІІІ ғасырға дейін далада мал жайып, адам баласына өмір сүру мүмкін емес еді. Тек VІ ғасырда жауын-шашым мөлшері артып, шөптің басы көтерілгеннен кейін қаңсырап қалған даланы аман қалған ру-тайпалар иегере бастайды. Ол кезең Түрк қаһанатының құрылып, үлкен империяға айналған кезеңімен белгілі.

Сонымен, Ергенеқоннан шыққан ел даланы жайлап, қоныстарды иегеріп, жайылымдарға мал өргізіп көбейді. Сол арада Бөрте шенеден Добұн мергенге дейін 13 ұрпақ өнеді. Добынның жұрты қуатты мемлектке айналды. Қиян (Хиям) қаласы оның басты қонысы болып, жазғы орны Арғанатыдағы Добұнның ауылы (Домбағұл) деп аталған Дарқу сарайы болды.

Күлтегіннің тасқа қашалған жазуында «оғыздар менің иелігімде еді, бірақ олар маған қарсы бой көрсетті» деп жазылған. Кейін оғыздарды қайта бағындырмақ болған істен ештеңе шықпай, олар Түрк қаһанатынан егеменді болғаны тарихқа мәлім. Осы саяси жағдайға Добынның қатысы бар ма деген сауал туындайды, өйткені Теріс-Кендірліктің бойындағы дің тарихта ерекше із қалдырған тұлғаға арнап тұрғызылғаны айдан анық.

Добұнның үлкен ұлы Белгінот (Белгібай) қазақ шежіресінде Найман елінің белгілі бабасы ретінде көрсетілетін Белгібайға келеді. Ал екінші ұлы Бүгінүт моғол тілінен қазақшаға аударғанда Бақанот, немесе Бағаналы болып шыға келеді.

Әбілғазының жазуы бойынша Добұн баян ерте қайтыс болып, әйелі Алангүй ерсіз тағы үш бала табады. Ол таңғажайып хиқаяны «Түрк шежіресінен» табамыз. «Бұл үш ұлдан болған елдердің бәрін Нирун дейтін еді, нирунның мағынасы – „ару тұқым руы“ дегені, өйткені моғолдың түсінігі бойынша, ол ру нұрдан пайда болды». (Әбілғазы. Түрк шежіресі. 1992 жыл. 47-бет). Осы үш баланың ең кішісі Бүтіңжардан Шыңғыс қаһан мен мұңғылдың көп рулары тарайды. "Оғыз-нама" мен "Түрк шежіресі" бойынша, Қайду Бүтінжардың сегізінші ұрпағы болса, Шыңғыз қаһан Қайдудың алтыншы ұрпағы. Яғни, Бағаналылар мен Шыңғыс қаһан әулеті бір шешеден туады. Сондықтан, кейбір зерттеушілер Шыңғыс қаһанды бағаналыдан таратады.

Жоғарыда келтірілген екі аңызды сараптай отырып, Домбауыл мерген мен Добұн мергенді бір кейіпкер ретінде қарастырсақ, Шыңғыс ханның Қият бабаларының атамекені ретінде Ұлытауды қарастыруға болады деуге толық негіз бар. Бұл жайында Гавердовский былай жазады: «При возвращении Чингиз-хана из Персии в свое Отечество, Чучий в 1223 г. имел в степи Киргизской около гор Улутау с отцом своим свидание, во время которого при большом торжестве, сопровождаемом ристаниями и знаменитою охотою, отец восстановил опять согласие с сыном, отдав все земли Дайтше-Кипчак в верховное его управление». (Гавердовский Я. П. Обозрение киргиз-кайсакской степи. 1804 г.)

Әрине, аңыз бір мәтінде болып, тек уақыт өте адам мен жер атаулары өзгеріске ұшырағанын жоққа шығаруға болмайды. Бірақ Әбілғазы мен Қадырғали Жалайыр Шыңғыс қаһанның шежіресін тарқатқанда Добұн мергенді атайды. Соған қарағанда «Моңғолдың құпия шежіресінде» аталған Добұн шын өмірде болған кейіпкер болу тиіс.

Ал енді географиялық сұраққа келетін болсақ, Шыңғыс қаһанның бабалары – Қара хан, Өғыз хан, т.б. бәрі Борсықтағы Қарақорымда (Қарақұмда) қыстаған. Гавердовский 1804 жылы ел шежіресіне сүйене отырып Найман елінің кіші бір бөлігі Бақана (Бағаналы) руы Қарақұмда Шыңғыс қаһанның жорықтарына дейін қыстаған дейді. Бұл дерек Қазақстанды мұңғылдар келіп жаулап алды деген тарихи ұстанымды жоққа шығарып отыр. Өйткені мұңғылдармен тайпалары автохтонды болып шыға келеді. Тарихи шындық соған жақын болады.

Ол ол ма? Гавердовский Шыңғыс қаһанды мұңғыл нәсілінен шыққанын атап, олардың Отаны Ұлытау мен Кішітау деп кесіп айтады. Сонымен қатар, Шыңғыс қаһаннан кейінгі Ұлы қаһандары қазақ жерінің шығыс бөлігінде орналасқан дейді. «Известно, что прямые наследники Чжингис-хана, имевшие главное пребывание близ восточной части степи Киргизской, носили титул великих ханов и верховных властителей всех орд, а потому народ, им подчиненный, назывался Великою ордою, или, говоря прямо по азиатскому диалекту, Большою ордою, которая занимала обширное пространство восточной части степи Киргизской. От сего впоследствии западные поселяне всех в востоке обитающих моголов называли сим именем». (Гавердовский Я. П. Обозрение киргиз-кайсакской степи. 1804 г.)

Жоғарыда сарапталған фактілерді түйндейтін болсақ, Ұлытау өңірінің Шыңғыс қаһан империясының тарихында ойып алған рөлі шынымен де ұлық. Басқа емес, Жошы ұлысының Ұлық Ұлыс аталуы бекер емес. Ұлытау ХVІ ғасырға дейін бөгде ешкім жоламайтын қорық болды. Ұлытауды Карпини де, Рубрук та, Поло да көре алмай кетті. Алаша хан, Домбауыл, Жошы хан, Болған ана күмбезді кесенелер ашық алаңға, «он ок ұшатын» қашықтыққа дейін жан-жағы алақандай көрініп тұратын жерге тұрғызылған. Олардың айналасындағы бейіттерге кейін, шамамен ХVІ ғасырдан кейін кісілер жерленген. Оған дейін Жошы ханнан басқасының бәрі жалғыз тұрған. Оларды қият-бағаналылар мен Жошының ұрпақтары қорыған.

Сонысымен Ұлытау өзінің ұлылығын бүкіл Евразияға паш ете алмады. Ол саяси құпия тарихи құпияға айналды. «Моңғолдың құпия шежіресінің» түп нұсқасы солай пайда болды деп ойлаймыз. Бұл тек біздің пікіріміз. Қалғанын бір Аллаһ біледі!

Мұхтар Бақытұлы

Сәтбаев қаласы

30.01.2021 жыл

Қырық-Құдық мешіті

Ресей империясының қазақ жеріндегі отарлау саясаты қазақ ру-тайпаларын «төмен мәдени», яғни дала аймақтарына ығыстыруды көздеді. Петропавловск, Павлодар, Усть-Каменогорск, Семипалатинск, Верный бекіністері қалаларға айналып, аумақтарында православл шіркеулері мен еврей синагогалар бой көтерді. 1865 жылы Орал, Сібір және Жетісу казактары Ташкентті алысымен, қазақ толығымен өз шаһарларынан айырылды. Ұлы Жібек жолы құлдырап, оның үстінен жоңғар шапқыншылығы оңтүстіктегі қалаларды әлсіреткеннің үстінен, орыс патшалығы жаңа қалалар салып, қазақтарды үйреншікті мешіт-медреселерінен шектетті. Көне шежіре мен Құран-кітаптарына толы кітапханалар, зәулім мешіттер, терең рухани білім беретін медреселер біртіндеп жойылды.

Teleserial Book